Электронды үкімет порталы мен egov.kz Telegram-ботында балаларды емханаға тіркеу қызметі іске қосылды.

Қызметті әзірлеген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлауынша, ол үшін пайдаланушы egov.kz порталына тіркеліп, электронды цифрлық қолтаңбасы болса жеткілікті. Тағы бір айта кетерлігі, онлайн-қызмет 2007 жылға дейін туған балаларға көрсетілмейді.

Қызметті пайдалану үшін алдымен порталдағы «Денсаулық сақтау» бөліміне кіреміз. «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркелу» қызметін таңдап, балаға қызмет көрсету опциясын басамыз.

Содан соң жүйе баланың ЖСН енгізуді сұрайды. ЖСН негізінде туыстық байланыстарды анықтау үшін АХАТ бөлімінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде сауал жолдайды. Бұл көп уақыт алмайды. Процесс аяқталғаннан кейін сіз онлайн-өтінімге тұратын аймағы, медицина ұйымы, тіркеу себебі, учаскелік дәрігер деген сынды тағы да басқа мәліметтерді толтыруға мүмкіндік аласыз.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 2018 жыл басынан бері халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 549,8 млрд теңге төледі.

«8 қазандағы мәлімет бойынша, Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 549,8 млрд теңге төленді. Бұл жалпы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) шеңберінде бекітілген келісімшарт сомасының 70 пайызын құрайды», - деді МСҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова. Естеріңізге сала кетсек, ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып саналатын Қор емдеу мекемелерімен ТМККК пакеті шеңберінде халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. Бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 785,8 млрд теңге.

«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Б.Жақселекова.

Бүгінгі таңда Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша 1379 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 627-сі – жеке меншік. Биыл жеке клиникалар саны 2017 жылмен салыстырғанда 166-ға көбейген. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы 2 есе артып, 120,2 млрд теңгені құрады.

 

Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 28 сәуірдегі
№ 281 бұйрығына
2-қосымша

 Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары

 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Кодекстің 45-бабының 4-1-тармағына сәйкес әзірленді және меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан, ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмекті алу үшін азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – МСАК) ұйымдарына бекіту тәртібін айқындайды.

      3. Азаматтарды МСАК ұйымдарына бекіту ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде азаматтарға медициналық көмек көрсету бойынша МСАК ұйымдарының міндеттемелерін тіркеу болып табылады және мынадай қағидаттарда жүзеге асырылады:

      1) медициналық көмекке аумақтық қолжетімділік;

      2) МСАК ұйымдарын еркін таңдау;

      3) МСАК мамандарын еркін таңдау (жалпы практика дәрігері, учаскелік терапевт, учаскелік педиатр);

      4) отбасылық қызмет көрсету;

      5) пациенттің медициналық көмек сапасына қанағаттанушылығы;

      6) меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан МСАК ұйымдарының тең құқығы және адал бәсекелестігі.

2-тарау. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына азаматтарды бекіту тәртібі

      5. МСАК ұйымдарына азаматтарды бекіту медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы бойынша басқа әкімшілік-аумақтық бірлікте орналасқан жақын жердегі МСАК ұйымына бекітілетін шекаралас аумақтарда тұратын азаматтарды қоспағанда, тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін, оқитын жері бойынша бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде дәрігерді, медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы негізінде жүзеге асырылады.

      6. Азамат МСАК ұйымының біреуіне ғана бекітіледі.

      7. Медициналық ұйымға бекітілу талоны азаматтың МСАК ұйымына бекітілгені туралы куәландыратын құжат болып табылады. Бекітілу талонын медициналық ұйымның медициналық тіркеушісі береді.

       8. МСАК ұйымына бекіту еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлігі, паспорт, туу туралы куәлік, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген өзге де құжат) негізінде МСАК ұйымының жұмыс кестесіне сәйкес кез келген күнтізбелік уақытта жүзеге асырылады.

      9. МСАК ұйымы бекітуді азаматтар өзі жүгінген кезде жүзеге асырады.

      Отбасының әрбір мүшесінің жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсеткен кезде отбасы мүшелерінің біреуінің жазбаша келісімі болған кезде еркін нысандағы өтінішінің негізінде отбасы мүшелерін бекітуге жол беріледі.

      10 Адамдарды бекіту МСАК ұйымдарында олардың тікелей немесе жазбаша жүгінуі бойынша сонымен қатар "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жеке куәлігі болған кезде жүзеге асырылады.

      Он сегіз жасқа толмаған адамдарды бекіту, бекітілетін адамның және оның заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжат болған кезде оның заңды өкілдерінің еркін нысандағы өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.

      11. МСАК ұйымдарына азаматтарды бекітуді өзгерту:

      1) тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін және оқитын жері әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге өзгерген кезде;

      2) МСАК ұйымы қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайларда;

      3) азамат дәрігер мен медициналық ұйымды жылына бір реттен жиі емес еркін таңдаған кезде;

      4) жыл сайын 15 қыркүйектен бастап 15 қараша аралығында халықты МСАК ұйымдарына бекіту науқаны кезеңінде (бұдан әрі – Науқан) жүзеге асырылады.

      12. Азаматтар тікелей жүгінген кезде оларды МСАК ұйымдарына бекіткен кезде бұрын бекітілген МСАК ұйымдарынан есептен шығару "Бекітілген халық тіркелімі" порталының дерекқоры арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.

      МСАК ұйымдарына "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық форматта бекітілген кезде бұрын бекітілген МСАК ұйымдарынан есептен шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.

       13. Кодекстің 34-бабында көрсетілген адамдар МСАК ұйымына бекітуді еркін таңдау кезінде оларға осы ұйым мамандарының үйде қызмет көрсету мүмкіндігі алдын ала келісіледі және бекіту анықтамасында (талонында) көрсетіледі.

      14. Науқан кезеңінде МСАК ұйымына бекітілген азаматтар Қормен алдағы жылға ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде МСАК көрсетуге қызметті сатып алу бойынша шарт жасасу кезінде алдағы жылғы 1 қаңтардан бастап ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде осы ұйымнан медициналық көмекті ала бастайды.

      Ағымдағы жылы көрсетілген азаматтар бұрын бекітілген МСАК ұйымдарында медициналық көмекті алуды жалғастырады.

      15. ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде МСАК көрсететін жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларға бекіту осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      16. МСАК дәрігерінің 1 (бір) лауазымына бекітілген халықтың саны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі № 238 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6173 болып тіркелген) бекітілген денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтеріне сәйкес анықталады.

      17. Осы Қағидалар оралмандарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек алуға құқығы бар азаматтарға қолданылады.

 

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК

 

Азаматтарды медициналық-санитариялық

алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау

 субъектілеріне бекіту науқаны

жүргізудің басталатындығы туралы

хабарлама

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 281 бұйрығымен бекітілген Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы  № 591 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау субъектілерінен ТМККК және МӘМС шеңберінде көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына сәйкес 2018 жылғы 15 қыркүйектен бастап 15 қарашаға дейін  азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК ұйымы) көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне бекіту науқанын жүргізудің басталатындығы туралы хабарлайды.

Бекіту науқаны ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді көрсетуге үміткер, Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген денсаулық сақтау ұйымдарының арасында ғана өткізіледі.

Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқоры «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның https://fms.kz/ru/select-medical-inst интернет-ресурсында орналастырылған.

Азаматтарды бекіту МСАК ұйымдарында олардың тікелей немесе жазбаша өтініші бойынша, сондай-ақ «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы  жеке басын куәландыратын құжаты болған кезде жүргізіледі.

Он сегіз жасқа толмаған адамдарды бекіту бекітілетін адамның және оның заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжаты бар болған кезде жүзеге асырылады.